Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Словакияның «Eximbanka SR» экспорттық-импорттық банкімен меморандумға қол қойды | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Словакияның «Eximbanka SR» экспорттық-импорттық банкімен меморандумға қол қойды

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» Гамбург қаласында өткен Берн Одағының жыл сайынғы съезіне қатысты. Жиында экспорт бойынша несие беру және қаржы тарту, сондай-ақ өзге де сұрақтар бойынша серіктестік мәселелері талқыға түсті. Іс-шара қатысушылары мемлекеттік және жеке тәуекелдерді жіктеу, сақтандыру мен қаржыландыру үшін қажет қаржылық технологиялар мүмкіндігінің маңызын ерекше атап өтті.

Кездесу аясында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» басшылығы Euler Hermes, Bpifrance және тағы да басқа әлемдік ірі ЭКА өкілдерімен B2B форматында бірқатар кездесу өткізді.

Одан бөлек, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен Словакияның «Eximbanka SR» экспорттық-импорттық банкі ынтымақтастық туралы Меморандум жасасты. Бұл келісім Астанада өткен Қазақстан-Словакия бизнес-форумының нәтижесінде жүзеге асты. Стратегиялық құжат экспорттаушыларды қолдау бойынша екіжақты ынтымақтастыққа бағытталған. Меморандум бірлескен жобаларды іске асыру жолында экспорттық операциялар бойынша туындауы мүмкіе тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Қос тарап Қазақстан мен Словакия арасындағы сауданы дамыту және ынталандыру үшін негіз құруға ниетті, сондай-ақ өңірлік нарықтар мен мүдделі секторлар туралы сараптаманы алмасу, андеррайтинг тәжірибесі және экспорт саласындағы ынтымақтастық арқылы екіжақты қарым-қатынасты нығайтпақ.

Іс-шара соңында А.Шәйжүнісов бұған дейін ЭКА портфелінде Словакия нарығына шыққан қазақстандық жобалар болғанып атап өтіп, алдағы уақытта мұндай келісімшарттар әрі қарай арта береді деп сенім білдірді.

Айта кетейік, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» 2004 жылдан бері әлемдегі ең ірі экспорттық несие ұйымдарының қауымдастығы – Берн одағының Прага клубына мүшелік етеді. Оның құрамына 50-ден астам елдің 86 компаниясы кіреді.

Бүгінде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің портфелі 514,1 миллиард теңгеден асты. Компания жалпы сомасы 671 миллиард теңге болатын мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген. Кейінгі 7 жылда Агенттік 245 экспорттаушыға 1 338,9 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.

chat Кеңес ал!