Қазақстан Өзбекстанға азық-түлік жеткізілімін арттыруда
UzFood 2026: Қазақстан Ташкентте жетекші брендтерін таныстырды
2026 жылғы 1–3 сәуір аралығында Ташкент қаласында «Азық-түлік өнімдері, ингредиенттер және өндіріс технологиялары – UzFood 2026» атты XXV халықаралық көрмесі өтті. Бұл шара дәстүрлі түрде Орталық Азия өңіріндегі тағам өнеркәсібі мен агроазық-түлік секторы саласындағы негізгі салалық алаңдардың бірі болып табылады.
Биыл көрмеге 30 елден 400-ден астам компания қатысты. Экспозиция өндірістің толық циклін қамтыды: шикізатты өңдеуден бастап дайын азық-түлік өнімдерін өндіруге дейін, сондай-ақ заманауи қаптама технологиялары мен логистикалық шешімдерді ұсынды.
Қазақстан перспективалы Өзбекстан нарығындағы позицияларын нығайтуға бағытталған жетекші экспортқа бағдарланған кәсіпорындар пулын ұсынды. Ұлттық экспозиция құрамына өңірдегі ас тұзын өндіретін ең ірі кәсіпорын «Аралтұз» АҚ, алкогольсіз сусындар сегментіндегі көшбасшылардың бірі «GALANZ bottlers» АҚ, жоғары сапалы балмұздақ өндіруші «Эмиль» ЖШС, сондай-ақ томат өнімдерін экспорттаушы жетекші компаниялардың бірі «Цин-Каз» ЖШС кірді.
Өңірдегі ең ірі салалық көрмеге отандық бизнестің қатысуы елдің экспорттық стратегиясын іске асыруға және екіжақты тауар айналымының құрылымын әртараптандыруға бағытталған. Әсіресе жоғары және орта деңгейде өңделген өнімдер жеткізілімін ұлғайтуға ерекше назар аударылуда. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанды өңірлік азық-түлік хабы ретінде нығайту жөніндегі бағытымен тікелей үндеседі.
Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) Өзбекстан Республикасындағы өңірлік директоры Алишер Хакимов салалық ведомстволар мен ірі сауда желілерінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, сауда қаржыландыруы, төлемді кейінге қалдыруды сақтандыру, коммерциялық және саяси тәуекелдерді жабу, сондай-ақ экспорт алдындағы қаржыландыру тетіктері сияқты мемлекеттік қолдаудың өзекті құралдары таныстырылды.
Сондай-ақ қазақстандық өнімді шетелдік сатып алушыларға қаржылық қолдау көрсету арқылы экспорттық мәмілелерді құрылымдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде отандық тауарлардың сыртқы нарықтардағы қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Өзбекстан ЭКА портфеліндегі негізгі үш елдің қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы нарыққа өнім жеткізетін экспорттаушыларға көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі шамамен 150 млрд теңгені құрады», – деп атап өтті Агенттік өкілдері.
ЭКА ұлттық экспортты қолдаудың кешенді жүйесін дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл жүйе сақтандыру, қаржыландыру және сыртқы сауда операцияларын сүйемелдеу құралдарын біріктіреді. Өзбекстан нарығында және Орталық Азия елдерінде институционалдық қатысуды кеңейту өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға, кооперациялық байланыстарды кеңейтуге және халықаралық саудада қосылған құны жоғары қазақстандық өнім үлесін арттыруға ықпал етеді.
