Прагадағы ICISA отырысында қайта сақтандыру саласындағы жаңа тенденциялар талқыға түсті
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Несиені сақтандыру және кепілдендіру бойынша халықаралық қауымдастықтың (ICISA) отырысына қатысты. Іс-шара Чехияның Прага қаласында өтті.
ICISA – 1928 жылы Амстердамда құрылған сақтандыру және қайта сақтандыру саласындағы негізгі әлемдік ұйымдардың бірі. 2020 жылдан бастап ЭКА осы қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды.
Отырыстың панельдік сессияларында жаһандық экономикада болып жатқан кейінгі мәселелер ашық талқыға түсті. Атап айтқанда, MENA (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) өңіріндегі сауда-экономикалық ахуал, тариф саясатына байланысты әлемдік экономикада туындаған өзгерістер, Қытайдың технология саласындағы кейінгі жетістіктері мен макроэкономикаға әсері және тағы да басқа өзекті мәселелер тақырып болды. Сонымен қатар, жасыл экономика, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және әлемдік сауданы цифрландыру мәселелері көтерілді.
ЭКА Басқарма төрағасының кеңесшісі Ардақ Қалиева ICISA қатысушыларымен келіссөз жүргізіп, стратегиялық серіктестік орнату және Қазақстан үшін қайта сақтандыру сыйымдылықтарын ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.
Бұл экспортты сақтандыру көлемін арттыруға, ЭКА өнімдерінің жаһандық нарықпен интерграциялануына тікелей ықпал ететін болады.
Айта кетейік, 2025 жылдың сәуірінде ICISA қауымдастығының жылсайынғы көктемгі жиналысы Афинада ЭКА қатысуымен өтті.