Брюссельде Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтті | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Брюссельде Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтті

Брюссельде Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтті. Оған «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Қазақстанның көпсалалы сауда миссиясының құрамында болып қатысты. 

Кездесуді БеНиЛюкс Сауда палатасы Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараға екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталарының, іскер топтарының, қаржы институттары мен мемлекеттік құрылымдарының өкілдері қатысты. 

Іскерлік кеңес бағдарламасы аясында панельдік сессиялар мен екіжақты B2B-келіссөздер өтті. Атап айтқанда, ЭКА өкілдері Бельгияның экспорттық кредиттер жөніндегі Credendo агенттігімен кездесу өткізді. Тараптар бірлескен жаңа жобалар мен жаһандық сауданың жылдам өзгеруі жағдайында қолданыстағы сақтандыру өнімдерінің мүмкіндіктерін жақсарту мәселелерін талқылады. 

Сондай-ақ отырыс барысында Қазақстан мен Бельгияның іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері айтылды. Логистика, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі, биотехнология, жоғары білім, сондай-ақ инвестицияларды тарту және қазақстандық өнімді ЕО нарығына шығару басым бағыттар болып белгіленді. Қатысушылар екі ел арасындағы коммерциялық қарым-қатынастардың өсу қарқынын атап өтіп, ынтымақтастықтың нақты жобаларын талқылады.  

Агенттіктің Сауда қаржыландыру және субсидиялау департаменті директорының орынбасары Асхат Абайдың айтуынша, ЭКА елдер арасындағы сыртқы сауда айналымын күшейту үшін барлық қажет ресурсқа ие. 

«Біз ЭКА құралдары арқылы өңделген өнімдер мен қызметтерді BeNeLux елдеріне жаппай экспорттауға дайынбыз. Біздің міндетіміз – шарттарды оңтайландыру және бизнес-серіктестер арасындағы өзара іс-қимыл үшін тәуекелдерді азайту, бұл біздің сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Асхат Абай.  

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан экономикасына құйылған бельгиялық инвестициялар көлемі 1,2 миллиард доллардан асты, ал екі ел арасындағы тауар айналымы 456,3 миллион долларға жетті. 

Анықтама үшін:

Қазақстандағы БеНиЛюкс сауда палатасы Бельгия, Нидерланды және Люксембург бизнесінің мүддесін қорғайды. Ол екіжақты экономикалық байланысты дамытуға жәрдемдеседі және БеНиЛюкс елдері мен Қазақстанның 80-нен астам компанияларын біріктіреді. Бұл компаниялар энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және басқа да негізгі секторларда жұмыс істейді.

Бельгия-Қазақстан Іскерлік кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне 2021 жылғы ресми сапары аясында құрылды. 2022 жылы ҚР Премьер-Министрінің өкімі бойынша БеНиЛюкс Сауда палатасы бельгиялық тараптан Іскерлік кеңестің қызметін үйлестіру бойынша негізгі серіктес болып тағайындалды.

chat Кеңес ал!