250 млрд теңгеге Мемлекеттік кепілдік: қазақстандық экспорттаушыларды тағы қалай қолдайтын болады
Қазақстан бизнес пен экономиканың нақты секторын қолдауды одан әрі күшейтуде. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесі қабылдаған жаңа шешімдер инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды кеңейтуге, отандық экспорттаушыларды қолдауға және мемлекеттік даму құралдарының тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының экономиканы 8 трлн теңге көлемінде қаржыландыру жөніндегі тапсырмасы аясында холдинг бизнесті қолдауға шамамен 3 трлн теңге бағыттап үлгерді және алдағы жылдары қаржыландыру көлемін едәуір арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, inbusiness.kz хабарлады.
«Бәйтерек» холдингінің Директорлар кеңесінің отырысы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті. Жиын барысында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қосымша қаржы ресурстарын тарту, шикізаттық емес экспортты дамыту және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысының экономиканы қаржыландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Директорлар кеңесі холдингтің қаржылық базасын кеңейтуге және экономиканың басым салаларын қолдау көлемін арттыруға бағытталған бірқатар шешім қабылдады.
«Негізгі мәселелердің бірі отандық экспорттаушыларды қолдау болды. Директорлар кеңесі «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның Қазақстан Республикасы тарапынан 10 жыл мерзімге 250 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік алу үшін өзара байланысты мәмілелер жасасуын мақұлдады», – деп хабарлады ҚР Үкіметі.
Аталған шешімді іске асыру агенттіктің сақтандыру және кепілдік беру әлеуетін айтарлықтай арттыруға, шикізаттық емес экспортты қолдау құралдарын кеңейтуге және қазақстандық компаниялар үшін экспорттық қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Болжам бойынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша агенттіктің сақтандыру және кепілдік міндеттемелері портфелі 1,2 трлн теңгеге жетеді. Бұл сыртқы нарықтарға бағытталған кәсіпорындарды қолдау көлемін ұлғайтуға және қазақстандық өндірушілердің шетелдегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Үкімет.
Тағы бір маңызды шешім ретінде «Бәйтерек» холдингінің 2026–2028 жылдарға арналған орнықты даму жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Құжатта жасыл және орнықты қаржыландыру құралдарын одан әрі дамыту, төмен көміртекті өсуді қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды қолдау, ESG-тәуекелдерді басқару тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ корпоративтік басқарудың ашықтығы мен сапасын арттыру көзделген», – деп түсіндірді Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Жоспарда әлеуметтік бастамаларды іске асыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және орнықты даму саласындағы үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге ерекше назар аударылған.
Қазіргі уақытта холдинг Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарының 17-сінің 15-ін өз қызметінде ескеріп, тиісті қағидаттарды еншілес ұйымдары мен серіктес құрылымдарының жұмысына жүйелі түрде енгізіп келеді.
«Халықаралық сарапшылар бұл жұмысты жоғары бағалап отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Sustainable Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі холдингтің ESG-рейтингін 3-деңгейден 2-деңгейге дейін көтерді. Бұл холдинг қызметінің орнықты даму, экологиялық жауапкершілік және корпоративтік басқару салаларындағы үздік әлемдік стандарттарға сәйкестігін растайды», – деп хабарлады Үкімет.
Стратегиялық даму мәселелерінен бөлек, Директорлар кеңесі 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша тәуекелдер жөніндегі шоғырландырылған есепті, ішкі аудит қызметінің есебін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің есебін қарап, бекітті.
Отырыс барысында сондай-ақ Президенттің экономиканы 8 трлн теңге көлемінде қаржыландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша холдинг жұмысының аралық қорытындылары шығарылды.
«2026 жылдың басынан бері холдинг құралдары арқылы жалпы сомасы шамамен 3 трлн теңгені құрайтын жобалар қолдау алды. Шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударылуда. Жылдың алғашқы айларында жалпы сомасы шамамен 875 млрд теңгені құрайтын 2 975 ШОБ жобасы қаржыландырылды», – деп мәлімдеді Үкімет.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға да қомақты ресурстар бағытталды. Ауыл шаруашылығы мен оған сабақтас салаларды дамытуға шамамен 685 млрд теңге бөлініп, соның нәтижесінде еліміз бойынша 5,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетілді.
Ірі бизнес те холдинг қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Экономиканың түрлі секторларында іске асырылып жатқан 380 ірі жоба қаржыландырылды.
Инвестициялық белсенділікті қосымша қолдауды Qazaqstan Investment Corporation қамтамасыз етуде. Осы құрылым арқылы жалпы сомасы 51,5 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба қаржыландырылды.
Экспортты дамыту экономикалық саясаттың маңызды бағыты болып қала береді. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ арқылы 54 отандық экспорттаушыға қолдау көрсетіліп, оларға жалпы көлемі 293,5 млрд теңге қаражат бағытталды.
Дереккөз: inbusiness.kz
