KazakhExport, ЕАДБ және «Cool Infinity» ЖШС Қазақстаннан теміржол вагондарын экспорттау саласында ынтымақтастықты бастайды
«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, Еуразиялық даму банкі және «Cool Infinity» ЖШС Қазақстан Республикасынан теміржол вагондарын экспорттауды жүзеге асыру кезінде Cool Infinity қызметін сақтандыру және қаржыландыру бойынша ынтымақтастықты бастайды.
Ұйымдар тиісті меморандумға қол қойды, оған қол қою рәсімі бірінші Еуразиялық конгресс аясында өтті. Құжатқа KazakhExport басқарма төрағасы Руслан Ысқақов, ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов және Cool Infinity бас директоры Валентин Каргин қол қойды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде ЕАДБ инновациялық изотермиялық вагондарды шығару үшін өндірістік кешенді жаңғырту үшін Cool Infinity жобасын қаржыландыру мәселесін қарауға ниетті. KazakhExport өз тарапынан Cool Infinity өнімінің кейінгі экспортын қаржыландыру үшін қаржылық-сақтандыру шешімдерін ұсынуды жоспарлап отыр.