Қазақстандық түйе сүті Қытайда танымал бола бастады
ҚХР-да отандық компаниялардың азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді, Аспан асты елінің тұрғындары оның жоғары дәмдік қасиеттерін ғана емес, сонымен қатар органикалық қасиеттерін, өнімнің экологиялық тазалығын да атап өтеді. Ірі сауда орталықтарының сөрелерінде қазақстандық сүт, бал, өсімдік майы, ұн, ет, кондитерлік өнімдерді жиі көруге болады.
«Евразия Инвест LTD» ЖШС-ның ерекше өнімі, яғни Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы зауытта «SAUBOTA» сауда маркасымен шығарылатын құрғақ түйе сүті де танымал. Кәсіпорын шикізатты, түйелердің саны көп Қазақстанның оңтүстігінен сатып алады да, барлық пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, арнайы технология бойынша өңдейді. Ол үшін компания зауытта сүтті пастерлейді, содан кейін вакуумдық камерада -40 градусқа дейін мұздатады. Неміс технологиясы бойынша сублимация сұйық күйді айналып өтіп, мұзды буға айналдыруға мүмкіндік береді.
Түйе сүтінің емдік қасиеттері туралы Қазақстаннан тыс жерлерде де біледі. 2019 жылы ҚР Президентінің Қытайға сапары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында сүт өнімдерін экспорттау бойынша келісімге қол қойылды. Осы жылдың қаңтар айында қазақстандық үш сүт кәсіпорны Қытайға импорттаушылар тізіліміне енгізілді. Олардың бірі - «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС. Компания Қытайға бірнеше мәрте жүк жіберді, жақында импорттаушыларға өнімнің кезекті партиясы жөнелтілді.
- «Біздің өнімге деген қызығушылық үлкен. Маусым айында біздің компания Қытайға көлемі 3,5 тонна құрғақ түйе сүтінің алғашқы сынақ партиясын жіберді. Қазір мемлекеттік қолдау шараларының арқасында, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қарамағындағы KazakhExport компаниясы арқылы біз ҚХР-ға құрғақ түйе сүтін жеткізуге арналған үш жаңа экспорттық келісімшартты сақтандырдық», - дейді компанияның бас директоры Қадырбек Мейрамбеков.
Қазақстандық құрғақ түйе сүті Бейжің, Фуцзянь, Ланьчжоу, Нингбо, Хоргос дүкендерінің сөрелеріне түсуде. Өнімнің танымалдығының артып келе жатқанын және клиенттердің өнімге деген қызығушылығын ескере отырып, отандық өндіруші шетелде өнімді өндіру көлемі мен сату көлемін арттыруға ниетті. Қазір құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыттың қуаттылығы жылына 200 тоннаға жетті.