"Бәйтерек" холдингінің компаниялар тобы Гонконг пен Қытайдың іскерлік делегациясымен инвестициялық ынтымақтастықты талқылады
ҚХР Гонконг арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лидің Қазақстанға сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ компаниялар тобы Гонконг пен Қытайдың материктік бөлігінен келген іскерлік делегациямен кездесу өткізді. Келіссөздер инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне, бірлескен жобаларды дамытуға және экономиканың басым салаларын қаржыландыру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге арналды.
Гонконгтың Сауданы дамыту кеңесі (HKTDC) ұйымдастырған делегация құрамына автономияның жетекші компанияларының 70-тен астам басшысы және Қытайдың материктік бөлігіндегі 17 провинция мен муниципалитеттің кәсіпорын өкілдері кірді. Делегация құрамында қаржы секторының, логистика, инновациялық технологиялар, жасыл энергетика, тау-кен өнеркәсібі, биофармацевтика және медиа саласының өкілдері болды.
Кездесуді аша отырып, Рустам Қарағойшин Холдингті және оның ел экономикасындағы жаңартылған рөлін таныстырды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Холдингтің жиынтық активтері шамамен 40 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылы «Бәйтерек» ел экономикасына 21 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бағыттап, 100-ден астам ірі жобаны қаржыландырды, сондай-ақ мыңдаған шағын және орта бизнес субъектілері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсетті.
Келіссөздердің негізгі тақырыптары экономиканың басым салаларына бірлесіп инвестиция салу перспективалары және капитал нарықтарындағы ынтымақтастықты кеңейту болды. Кездесу барысында экспорттық әлеуетті нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Чайжүнісов отандық тауарлар мен қызметтердің Азия-Тынық мұхиты өңірі нарықтарындағы қатысуын кеңейтуге қатысты негізгі басымдықтарды атап өтті. Бірлескен кәсіпорындарға ұсынылуы мүмкін сақтандыру және қаржылық қолдау құралдары таныстырылды. Қазақстан тарапы Гонконгтың қаржы институттары мен сауда үйлеріне экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыруы, сондай-ақ экспорттық келісімшарттарды сақтандыру бағытында тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Бұл инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтып, жоғары деңгейде өңделген қазақстандық шикізаттық емес өнімдерді Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ауқымды нарықтарына жеткізудің жаңа арналарына жол ашады.
Гонконг пен Қытайдың материктік бөлігіндегі бірқатар жетекші компаниялар «Бәйтерек» холдингімен практикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық танытты. Олардың қатарында Airport Authority Hong Kong, China Mengniu Dairy Company Limited, Standard Chartered Bank (Hong Kong) Limited және Shandong Energy Group Co., Ltd. бар. Тараптар логистика және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен, қаржы секторы және энергетика салаларындағы перспективалы жобаларды бірлесіп пысықтауды жалғастыруға келісті.
Гонконг әкімшілігінің Басшысы Джон Лидің Қазақстанға сапары 2026 жылғы 31 мамыр мен 3 маусым аралығында өтуде. Бұл — Гонконг арнайы әкімшілік ауданы басшысының Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапары.
Іс-шара Қазақстан мен Гонконг арасындағы іскерлік белсенділіктің артуы аясында өтіп жатыр. 2025 жылы Қазақстан Гонконгтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі және негізгі экспорттық нарығына айналды, ал Гонконг Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі ретіндегі позициясын нығайтуды жалғастыруда. 2025 жылғы ақпан мен 2026 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда тіркелген гонконгтік компаниялар мен филиалдардың саны 61%-ға артып, 158-ден 254-ке жетті.
Гонконг қазақстандық компанияларға халықаралық капитал нарықтарына, қаржылық және кәсіби қызметтерге, сондай-ақ жаһандық сауда байланыстарына қол жеткізу мүмкіндігін береді. Қазақстандық бизнес үшін Гонконг Гуандун – Гонконг – Макао Үлкен шығанағы аймағының, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің және басқа да халықаралық нарықтардың есігін ашатын тиімді алаң бола алады.
2025 жылы Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 38,1%-ға өсті. 2005 жылдан бері Гонконгтан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 3,9 млрд АҚШ долларынан асты.
Тараптар Қазақстан, Гонконг және Қытайдың материктік бөлігі арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға және әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.
