ЭКА Татарстанда өткен венчурлік форумға қатысты
Қазан қаласында «Ресей венчурлік форумы» өтті. Іс-шараға 25 елден 7 мыңнан астам делегат жиналды. Биыл форум жұмысына ТМД елдерімен қатар Азия, Таяу Шығыс және Африкадан сарапшылар қатысып отыр.
Іс-шараның іскерлік күн тәртібі экономикалық өсімді ынталандыруға, инновацияларды енгізуге, технологиялар трансферіне және жаһандық инвестициялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.
Форумның «Қаржылық технология болашағы: білім, инвестициялар және инклюзия» секциясы аясында Қазақстанның экспорттық-кредитттік агенттігінің Татарстан Республикасындағы өңірлік директоры Ренат Қалиев сөз сөйледі.
Спикер халықаралық іскерлік қауымдастыққа Агенттіктің шикізаттық емес экспортты қолдауға арналған кешенді құралдарын жан-жақты таныстырды. Атап айтқанда, саудалық қаржыландыру тетіктері, аванстық төлемдерді сақтандыру және қысқамерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру механизмдері таныстырылды. Бұл құралдар қазақстандық кәсіпорындардың сыртқы нарықтарға шығу кезінде тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттінінің негізгі мақсаты отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жүйелі түрде нығайтуға бағытталған. Біз жеке инвестицияларды мемлекеттік кепілдіктермен тиімді ұштастыруға мүмкіндік беретін пәрменді қаржылық тетіктерді ұсынамыз. Бұл тауарлар мен қызметтердің тұрақты экспортын қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар бірлескен жоғары технологиялық жобаларға қызығушылық танытатын шетелдік серіктестер үшін қолайлы орта қалыптастыруға да негіз болады», – деп атап өтті Ренат Қалиев.
Оның айтуынша, осындай халықаралық диалог алаңдарына қатысудың кеңеюі қазақстандық инновациялық компаниялардың жаһандық өндірістік тізбектерге енуіне ықпал етіп, Қазақстанның трансшекаралық инвестициялар нарығындағы белсенді ойыншы ретіндегі мәртебесін нығайтады.
