Қазақстандық экспорттық өнімдер «ProdExpo» халықаралық көрмесінде таныстырылды
Мәскеуде Еуразия кеңістігіндегі ең ірі салалық іс-шаралардың бірі – «ProdExpo-2026» халықаралық көрмесі өтті. Көрме азық-түлік өнімдері, сусындар және оларды өндіруге арналған шикізат саласын қамтыды. Биыл іс-шараға 35 елден 2000-ға жуық компания қатысты. Жиын халықаралық байланысты кеңейтуге және тұтыну нарығындағы өзекті үрдістерді талқылау алаңына айналды.
Ұлттық экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі – шикізаттық емес экспортты дамыту. Осы міндет аясында Қазақстанның 30-дан астам ірі өндірушісі өз тауарларын халықаралық дистрибьюторлар мен шетелдік әріптестерге ұсынды. Көрмеге қатысқан компаниялардың басым бөлігі Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі ұсынатын қолдау құралдарын қолданған. Олар сақтандыру және қаржылық қолдау тетіктері арқылы сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін күшейтіп отыр.
Іс-шараға тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібіндегі ірі отандық кәсіпорындар қатысты. Олардың қатарында «Баян Сұлу» АҚ, «Алматы өнімі» ЖШС, «PRIMA KUS» ЖШС, «№1 Нан-сүт комбинаты» ЖШС, «Аралтұз» АҚ, «Цин-Қаз» ЖШС, «Сайрам Нан» ЖШС, «Кэмми GROUP» ЖШС, «Pure Pack» ЖШС және «RG Brands» АҚ бар.
Көрменің іскерлік бағдарламасы экспорттық операцияларды жүйелі түрде қолдауға бағытталды. Оның аясында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Ресей Федерациясындағы өңірлік директоры Василий Алпатов бірқатар B2B форматындағы кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тұрақты сауда байланысын қалыптастыру және қазақстандық өндірушілердің Ресей нарығындағы негізгі импорттаушылармен ұзақмерзімді әріптестігін дамыту мәселелері талқыланды.
Шетелдік серіктестер Агенттіктің экспорттық келісімшарттар бойынша тәуекелдерді азайтуға және сақтандыру кепілдіктерін ұсынуға арналған құралдарына ерекше қызығушылық танытты.
- Алдын ала төлемді сақтандыру.
Бұл құрал алдын ала төлем шарттарымен жұмыс істеген жағдайда импорттаушының мүддесін қорғайды. Егер қазақстандық жеткізуші келісімшарт талаптарын орындамаса не авансты қайтармаса, Агенттік шетелдік сатып алушының шығынын өтейді. - Экспорттық сауданы қаржыландыру.
Агенттік сатып алушыны қаржыландыру моделін аккредитивтік есеп айырысу тетігі арқылы іске асырады. Осы жол аясында шетелдік компаниялар серіктес банктер арқылы қазақстандық өнімді сатып алуға қажетті қаржыға қол жеткізеді. Бұл отандық тауарларға, әсіресе, қосылған құны жоғары өнімге сұранысты арттыруға ықпал етеді.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі отандық өндірушілердің шикізаттық емес экспортын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Бұл жұмыс қазақстандық кәсіпорындардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда Агенттік қоржынында 20-дан астам арнайы қаржылық және сақтандыру құралдары бар. Олар жаһандық нарықтағы өзгерістерді және бизнес-қоғамдастықтың нақты сұранысын ескере отырып әзірленген.
Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Агенттік қызмет көрсету үдерісін толық цифрлық форматқа көшірді. Агенттік өнімі – «Экспорттаушының жеке кабинеті» платформасы «бір терезе» негізінде жұмыс істейді.
Платформа арқылы кәсіпкерлер:
- өтінімдерді қашықтан жолдап, құжаттарды онлайн түрде ұсына алады;
- сақтандыру шарттарын келісіп, келісімшарттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды;
- жобалардың қаралу барысын нақты уақыт режимінде бақылай алады.
Жүйенің мемлекеттік ақпараттық ресурстармен байланысы әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және шешім қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Аталған механизмдер, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін маңызды. Олар айналым қаражатының жетіспеушілігін тез толтыруға және экспорттық міндеттерді уақытылы орындауға жағдай жасайды.
