KazakhExport Ресейге жүк көліктерін шығаруда Hyundai Trans Auto кәсіпорынына қолдау көрсетті | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

KazakhExport Ресейге жүк көліктерін шығаруда Hyundai Trans Auto кәсіпорынына қолдау көрсетті

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» ҰК АҚ («Байтерек» ҰБХ еншілес компаниясы) Ресейге Hyundai коммерциялық техникаларын шығаратын ресми дистрибьютор мен отандық көлік құрастыру зауытының мәмілесіне қолдау көрсетті.

Қазіргі кезде «Астана Моторс» компаниясының құрамындағы «Hyundai Trans Auto» кәсіпорыны Қазақстанда шығарылған коммерциялық техниканы Ресейге экспорттаумен айналысады. Жоба бойынша 2017 жылы компания 500 коммерциялық техника жөнелтпек.

Қазақстандық экспорттаушы экспортқа шығарар алдындағы қаржыландыру үшін Сбербанк арқылы жеңілдікпен несие алды. 1,5 млрд теңге көлемінде мақұлданған желілік қаражат «KazakhExport» ЭСК АҚ Ұлттық компаниясының есебінен бір жылға берілді.

«Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін біз KazakhExport компаниясына алғыс айтамыз. Болашақта біздің компания осы бағыттағы әріптестікті жалғастыра бермек», - деді «Астана Моторс» компаниясының атқарушы директоры Антон Афонин.  

«Экспорт алдындағы қаржыландыру қазақстандық компанияларға өнімді тиімді талаптар бойынша жөнелтуге мүмкіндік береді. «Астана Моторс» шығарған жүк көліктері Ресей нарығында орнын таба алады деп сенеміз. Қазақстан бизнесінің басқа салаларындағы экспорттық бастамаларды да қолдауға әзірміз», - деді «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқарма төрағасының ұжымдық бизнес жөніндегі орынбасары Елдар Теңізбаев.

«KazakhExport» ЭСК АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаковтың айтуынша, экспорт алдындағы қаржыландыру сыртқа шығаратын тауарды өндірудің барлық кезеңдерінде жеңілдікпен қаржы алуға мүмкіндік беріп, шет елдік серіктес өз міндеттемесін орындамаған жағдайда сақтандыру арқылы қазақстандық экспорттаушы команияның шығынға ұшырауына жол бермейді.

«2016 жылдың қазан айында және 2017 жылдың  наурыз айында  KazakhExport капиталы «ҚР Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 27,9 млрд теңгеге  ұлғайтылған еді. Бұл – өнім түрлерін арттырып, отандық эксрорттаушы компанияларға экспорт алдындағы қаржыландыру секілді қосымша қолдау құралдарын ұсынуға мүмкіндік берді», - деп сөзін түйіндеді Руслан Искаков.

chat Кеңес ал!