Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Орталық Азия - Үндістан» іскерлік кеңесінде өз қолдау құралдарын таныстырды
Бүгін Нью-Делиде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қатысуымен «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесі өтті. Іс-шараға Үндістан мен Орталық Азия елдерінің билігі, бизнесі мен қаржы институттарының өкілдері жиналды. Қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарды.
Өз сөзінде М. Нұртілеу екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа бағыттарын белгілеп, үнді компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.
Сонымен қатар, индустриялық сессия аясында Қазақстан өзінің инвестициялық-экономикалық мүмкіндігін көрсетті. Бұл ретте Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі форум қатысушыларына 20-дан астам қолдау құралдарын ұсынды. Олардың қатарында экспортқа және саудаға қаржы тарту, келісімшарт міндеттемелерін сақтандыру, кепілдік беру өнімдері бар.
Агенттік бірлескен жобаларды іске асырып, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайту үшін үнді компанияларымен және олардың қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Қорытындылай келе, қазақ тарапы кеңестің келесі сессиясын Қазақстанда өткізуді ұсынып, осы кеңес отырысы нақты нәтижелерге жол ашады деген сенім білдірді.
Айта кетейік, Іскерлік кеңесті Үндістан Сыртқы істер министрлігі мен Үндістан сауда-өнеркәсіп палаталарының федерациясы ұйымдастырды.