Негізгі жетістіктер мен болашаққа жоспарлар: KazakhExport 2024 жылды рекордтық көрсеткішпен аяқтағалы отыр | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Негізгі жетістіктер мен болашаққа жоспарлар: KazakhExport 2024 жылды рекордтық көрсеткішпен аяқтағалы отыр

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) жыл соңын алдын ала қорытындылады. Агенттіктің деректері бойынша, экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі 330 млрд теңгеден асты, ал жалпы экономикалық нәтиже 1,7 трлн теңгеге жетті.

KazakhExport жаңа статусы

2024 жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша KazakhExport толыққанды экспорттық-кредиттік агенттік болып қайта құрылды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, экспорттық-кредиттік агенттіктер ұлттық экспорттаушыларға қолдау көрсетіп, олардың халықаралық нарықтарға шығуына, позицияларын нығайтуға көмектеседі, бұл экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

«Агенттік болып құрылғаннан кейін KazakhExport отандық экспорттаушыларды қолдау құралдарының пулын, оның ішінде сақтандыруды, қайта сақтандыруды, экспорт алды және саудалық қаржыландыруды, сондай-ақ экспорттық операцияларға кепілдік беруді пайдалана отырып едәуір кеңейтті. Бүгінде компания портфелінде қазақстандық нарықтың қажеттіліктеріне бейімделген 20-дан аса өнім бар, олар экспорттық келісімшарттың барлық циклін – оны дайындаудан бастап міндеттемелерді орындауға дейін қамтиды. Қарыздарды қолжетімді тарифтер бойынша сақтандыру банк кредитеріне  қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді және көптеген кәсіпорындар үшін айналым капиталының жетіспеушілігі мәселесін шешеді», - деді «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шайжүнісов.

Агенттік өткен жылы саудалық және экспорт алды қаржыландыруды дамыту бойынша мәмілелер көлемі екі есеге ұлғайғанын атап өтті. Бұдан басқа, кепілдік беру құралдары енгізілді, олар шетелдік тендерлік сатып алуларға қатысу және экспорттық келісімшарттар бойынша төлем міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін Агенттік кепілдіктерін пайдалануға мүмкіндік береді. Мәселен, жеке реттеуші ортаның пайда болуы экспорт көлемінің өсуін де жеделдетті, бұл экспорттың көлемі мен географиясының айтарлықтай өсуіне ықпал етті.

Экспорттаушыларды қолдаудың рекордтық көрсеткіші

Биыл Агенттіктің экспорттаушыларды қолдау көлемі 330 млрд теңгеден асты – бұл компания қызметінің барлық кезеңіндегі үздік нәтиже. Жалпы экономикалық тиімділік 1,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Бұл көрсеткіш экспорттық кірісті, өндірілген өнім көлемін және салық аударымдарын қамтиды. Агенттік осы жылы 350 шетелдік әріптеспен келісімшарт жасасқан 90 экспорттаушыға қолдау шаралары көрсетілгенін атап өтті. Ең көп сұранысқа ие болған өнімдер: экспорттық кредиттерді, кредиттер мен аккредитивтерді сақтандыру. Бұл құралдар сонымен қатар өткізу нарықтарын кеңейтуге, өндірісті модернизациялау мүмкіндігі пайда болуына және айналым капиталының өсуіне ықпал етеді. Мысалы, бұл – «Шин-Лайн» балмұздақ өндіру зауытын жаңғырту, «Прима Құс» құс кешенінің екінші кезегін салу, «Лотте Рахат» компаниясын сақтандыру арқылы қолдау.

Қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер

Аяқталғалы отырған жылы компания Орталық Азияның, Еуропаның халықаралық банктерімен және шетелдік экспорттық-кредиттік агенттіктермен ынтымақтастықты күшейтті, бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Агенттік портфелінде Қазақстанның шикізаттық емес экспортының құрылымы кеңінен қамтылған, бұл өңдеу өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосады. Негізгі секторлар тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен болып қалуда, оларға 96% тиесілі, бұл 458 млрд теңгені құрайды.

Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне, Қытайға экспортқа баса назар аударылады. Компания құралдарының арқасында Өзбекстанға қолдау көрсетілетін экспорт көлемі 25%-ға ұлғайды. Сондай-ақ жаңа экспорттық бағыттарға қызығушылықтың артқаны байқалады. Мәселен, 2024 жылы шыны және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, құрылыс материалдарын экспорттау артты, экспортталатын тауарлардың номенклатурасы да, сол сияқты осы салалардағы экспорттаушылар саны да кеңеюде.

Агенттіктің негізгі басымдығы қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсету болып табылады. Осылайша, Kazakh Export сыртқы нарықтарға шығуға ұмтылатын компаниялардың барлығына жәрдем береді. Компания атап өткендей, орнықты дамуға жаһандық көшу жағдайында жасыл жобаларды дамытуға да көңіл бөлінеді.

Цифрлық мүмкіндіктер

2024 жылы Агенттік клиенттерге ыңғайлы болу үшін «Экспорттаушының жеке кабинетін» – цифрлық өтінімдер беруге және шарт талаптарын келісуге арналған онлайн-платформаны іске қосты. Бұл кіруден бастап шартқа қол қоюға дейін толығымен цифрланған бизнес-процесс болып табылады. Кешенді тәсіл өтінімдерді өңдеуді едәуір жеделдетеді, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады және экспорттаушылар үшін уақыт шығынын азайтады.

Онлайн-платформа бірыңғай терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді және «Bgov» бизнесті қолдау порталымен және «Бәйтерек» холдингінің байланыс орталығымен интеграцияланған, сондай-ақ экспорттаушыға Агенттіктің бекітілген менеджерімен онлайн-режимде өзара ықпалдасуға мүмкіндік береді.

Келешекке жоспарлар

«Агенттіктің негізгі міндеттері – экспорттаушыларды қолдау көлемін кеңейту, цифрлық сервистерді дамыту және жаңа өнімдер енгізу. Алдағы жылдары біз сақтандыру көлемін 1,2 трлн теңгеге дейін екі есе арттыруды жоспарлап отырмыз. Екінші деңгейдегі банктермен шағын бизнес субъектілері үшін портфельдік сақтандыру өнімін әзірлеудеміз, бұл олардың қаржыландыруға қол жеткізуін жеңілдететін болады. Сондай-ақ, экспорттаушыларға экспорт алды және саудалық қаржыландыруды ұлғайту жолымен дәстүрлі шетелдік және жаңа нарықтарға шығу географиясын кеңейтуде практикалық қолдау көрсетеміз, олардың көлемін келесі жылы үш есеге ұлғайту жоспарланып отыр», - деп атап өтті компания басшысы.

Оның айтуынша, қайта сақтандыруды дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Қолдаудың саны мен көлемі өскен сайын, тәуекел мөлшері де артады. Сондықтан компания «Бәйтерек» холдингіне тәуекелдерді азайту үшін басқа елдердің ЭКА-імен және халықаралық қайта сақтандыру компанияларымен ынтымақтастықты кеңейтуде. Мәселен, осы жылдың екінші жартыжылдығында ғана қайта сақтандыру көлемі екі еседен аса ұлғайтылды, бұл тәуекелдерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.

Компания Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі отандық экспорттаушылармен және өндірушілермен ынтымақтасу үшін ашық екенін және әрбір серіктеске заманауи құралдар мен жеке тәсіл ұсына отырып, оларға халықаралық нарықтарға шығудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге әзір екенін атап өтті.

Дереккөз: zakon.kz

chat Кеңес ал!