Қостанай облысында мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша семинар өтті | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қостанай облысында мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша семинар өтті

Қостанай облысында Қазақстандағы инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шаралары тақырыбына арналған семинар өтті. Іс-шара Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаеваның жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялардың кең ауқымы және экспорттаушыларды қолдау тетіктері туралы толық ақпарат ұсынылды.

Семинар жұмысын Қостанай облысының мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық әлеуеті туралы баяндаған Н. Нұрбаева ашты.

«Үкімет алдында Ұлттық экономика көлемін екі есеге, 2029 жылға қарай 450 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, сондай-ақ кемінде 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартуды қамтамасыз ету стратегиялық міндеті тұр. Осы ретте Қостанай облысы жоғары өнеркәсіптік әлеуетке ие инвесторлар үшін ең тартымды өңірлердің бірі болып отыр», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Кездесу барысында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің аймақтық менеджері Ернұр Көшкінбаев отандық шикізат емес экспортты ілгерілету үшін компанияның қолдау құралдарын таныстырды. Ол Агенттік қоржынына жаңадан қосылған субсидиялау және экспорт операцияларына кепілдік беру құралдарын атап өтті.

Сонымен қатар іс-шарада «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Qaztrade «МДМ» АҚ, «QazIndustry» АҚ және «Атамекен» ҰКП өкілдері сөз сөйледі.

Семинар соңында қатысушылар «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі» АҚ өндірістік алаңдарына, сондай-ақ «KIA» зауытының құрылыс алаңына барды.

chat Кеңес ал!